Республикалық референдумның өтуіне байланысты Алматыда 2026 жылғы 15 наурызда қоғамдық көлікте жол жүру тегін болады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алматының жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, шешім қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы жағдай жасау және азаматтардың қала ішінде кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету мақсатында қабылданды.
Тегін жол жүру барлық қалалық бағыттарда — автобустарда, троллейбустарда және метрополитенде қолданылады. Жолаушылар жолақыны төлеу тәсіліне немесе электрон билет жүйесін пайдалануға қарамастан қоғамдық көлікті ақысыз пайдалана алады, — делінген хабарламада.
Басқарма өкілдері тұрғындарды сапарын алдын ала жоспарлауға және дауыс беру күні қоғамдық көлікті қолдануға шақырды.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойды.
