Елімізде некеге тұру көрсеткіші төмендеп, ажырасу саны артқан. Өткен жылы Қазақстанда 114,5 мың неке тіркелген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Otyrar.kz мәліметінше, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 8% аз. Ал ажырасу саны, керісінше, 12% өскен. Ресми дерек бойынша, бір жыл ішінде 45 мыңнан астам неке бұзылған.
Мамандардың айтуынша, қазір елдегі әр екінші неке ажырасумен аяқталады. Егер үш жыл бұрын 100 некеге шаққанда 14 ажырасу тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 40-қа жуықтаған.
Сарапшы пікірі
Еуразия ұлттық университеті әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі Құралай Мұхамбетова бұл құбылысты жаһандық үрдіспен байланыстырады.
Бұл модернизацияның нәтижелері, қазіргі заман қозғалысы. Меніңше, онымен күресудің қажеті жоқ. Адамдар кейінірек жетіліп, сәйкесінше кейінірек үйленеді, – дейді ол.
Негізгі себеп қандай?
Мамандардың пікірінше, ажырасудың артуына елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай да әсер етеді. Төмен жалақы, жұмысқа орналасу қиындығы және қолжетімді баспананың тапшылығы — отбасы тұрақтылығына ықпал ететін негізгі факторлар. Әсіресе, жас отбасылар үшін баспаналы болу мәселесі өзекті болып отыр.
