Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев төрағалық еткен үкімет отырысында көктемгі су тасқынына дайындық барысы қаралды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Үкіметтің мәліметінше, жиында «Қазгидромет» РМК ұсынған жаңартылған болжамдар талданып, тәуекелі жоғары өңірлер нақтыланды.
Ауа райы болжамы
Синоптиктердің мәліметінше, наурыз айы жылы әрі жауын-шашынды болады. Елдің басым бөлігінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары күтіледі. Сәуірде де жылылық сақталады. Батыс өңірлерде, сонымен қатар оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жауын-шашын көлемі нормадан артуы мүмкін.
Су тасқыны қаупі жоғары өңірлер
Жаңартылған деректерге сәйкес, су тасқыны қаупі жоғары аймақтар:
-
Ақмола облысы
-
Солтүстік Қазақстан облысы
-
Қарағанды облысы
-
Шығыс Қазақстан облысы
-
Абай облысы
Орташа тәуекел аймағында: Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Алматы облыстары, сонымен бірге Ұлытау мен Жетісу облыстары бар.
Қауіп деңгейі төмен өңірлер: Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстары.
34 елді мекен қауіп аймағында
Tasqyn ақпараттық жүйесі модельдеу нәтижесіне сәйкес, 34 елді мекен ықтимал су басу қаупі бар аймаққа енгізілді. Оның ішінде:
-
сегіз елді мекен – Ақмола облысында;
-
сегіз – Солтүстік Қазақстан облысында;
-
13 – Батыс Қазақстан облысында;
-
екі – Қарағанды облысында;
-
екі – Ақтөбе облысында;
-
бір – Абай облысында.
Модельдеу Есіл, Нұра, Жайық, Сырдария, Шу, Талас, Тобыл және Ертіс өзендері бассейндерінде жүргізіліп жатыр.
Дайындық шаралары
Қазіргі уақытта 582 су өткізу құбыры салынды, автожолдарды қайта жаңғырту барысында 63 көпір тұрғызылды. Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында бес апатты көпірге күрделі жөндеу жүргізілді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін 39 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Олардың қарамағында 12 мыңнан астам техника, 4 мыңнан астам су сору құралы және 700-ге жуық жүзу құралы бар.
