Щучинскідегі жарылыстан зардап шеккен науқастардың жағдайы ауыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің айтуынша, қазіргі таңда төрт адам «Авиценна Бурабай» ауруханасында ауыр жағдайда жатыр. Тағы төрт науқас көпсалалы облыстық ауруханада жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған, олардың екеуінің жағдайы аса ауыр деп бағаланған. Астанадан анестезиолог-реаниматологтар мен эфферентологтар шақыртылған.
Зардап шеккендердің ішінде бес адам Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына медициналық авиация арқылы жеткізілген. Ішінде үш науқас комбустиология, іріңді-септикалық хирургия бөлімінде ем алып жатыр, ал қалған екеуі анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде жатыр, — делінген хабарламада.
Басқарма жағдайды тұрақсыз деп бағалап, барлық қажет медициналық көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
Еске салайық, 26 ақпанға қараған түні Бурабай ауданына қарасты Щучинск қаласындағы дәмханада жарылыс болды. Жеті адам қаза болып, 26 адам зардап шекті.
