Ақмола облысы Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыстан кейін зардап шеккендер саны 26 адамға жетті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жеті адам қаза болды. Оның бесеуі оқиға орнында көз жұмса, тағы екеуі жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Қаза болғандардың арасында 16 жастағы бойжеткен бар.
Қазіргі уақытта Щучинск қаласының стационарына әртүрлі дәрежедегі күйік жарақаттарымен 13 науқас жеткізілген. Олардың алтауын Көкшетаудағы көпбейінді облыстық ауруханаға ауыстыруға дайындық жүргізіліп жатыр.
Шұғыл медициналық көмек көрсету үшін облыс орталығынан білікті мамандар тартылған. Қосымша үш анестезиолог-реаниматолог бригадасы келген. Басқарма мәліметінше, қажет дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, пациенттердің жағдайын тұрақтандыру үшін толық көлемде медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Алты адам тексеруден өтіп, қажет ем алғаннан кейін амбулаториялық бақылауға жіберілген. Зардап шеккендердің басым бөлігі түрлі дәрежедегі термикалық күйік алған. Олардың жағдайы тұрақты бақылауда, — делінген хабарламада.
Еске салайық, 26 ақпанға қараған түні Бурабай ауданына қарасты Щучинск қаласындағы дәмханада жарылыс болған. Қазір мамандар оқиғаның нақты себебін анықтап жатыр.
