Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефонмен сөйлесіп, Таяу Шығыстағы жағдайдың ушыққанына орай Қазақстанның ұстанымын жеткізді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әңгіме барысында Қазақстан президенті өңірдегі ахуалдың шиеленіскеніне алаңдайтынын айтып, Әмірліктердің басшылығы мен халқына шынайы құрметі мен тілектестігін жеткізді. Сонымен қатар қарулы қақтығыс салдарынан Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтық инфрақұрылымына зақым келгеніне қынжылатынын айтып өтті.
Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерін достас әрі бауырлас ел ретінде қарастырады, қажет жағдайда қал-қадерінше көмектесуге дайын, – деді Қазақстан президенті.
Президент БАӘ-нің азаматтық нысандарына, сонымен қатар Парсы шығанағындағы өзге елдерге жасалған шабуылдар қатаң айыпталуға тиіс екенін айтты.
Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Қазақстанның қолдауын жоғары бағалап, халықаралық дағдарысты еңсеруге жәрдемдесуге дайын екені үшін ризашылығын білдірді.
Тараптар Қазақстан мен БАӘ арасындағы достық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады. Сонымен қатар қасиетті Рамазан айында екі ел халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.
