Қазақстанның бірқатар өңірінде бірнеше күннен бері аяз күшейіп, ауа температурасы кей жерлерде -41 градусқа дейін төмендеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Осыған байланысты мектеп оқушылары мен колледж студенттері қашықтан оқыту форматына көшірілді.
Астанада 27 ақпанда ауа райының қолайсыздығына және температураның одан әрі төмендеуіне байланысты бірінші ауысымның 0-11 (12) класс оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттері (9 класс базасында) қашықтан оқыту форматына ауыстырылады.
Павлодар облысында да дәл осындай шешім қабылданды. 27 ақпанда бірінші ауысымдағы 0-11 класс оқушылары және 1-2 курс студенттері (9 класс базасы негізінде) онлайн оқиды.
Семейде 26 ақпанда қатты аязға байланысты бірінші ауысымдағы 1-11 класс оқушылары мен колледждің I-II курс студенттері қашықтан оқытуға көшірілді.
Ал Өскеменде -41 градус аязға байланысты 1 және 2 ауысымдағы 0-11 класс оқушылары онлайн форматта білім алады.
