Қарағандыда жасөспірім қызды қатарластары соққыға жықты

Қарағандыда бір топ жасөспірім кәмелетке толмаған қызға шабуыл жасап, соққыға жыққан. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 16 ақпан күні кешке Майқұдықтағы 12-ші ықшам ауданда жасөспірімдер қызға бұзақылық ниетпен қасақана дене жарақатын салған. Қыздың анасы әлеуметтік желіде жазба жариялағаннан кейін полицияға арыз түскен.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оқиғаға қатысы бар алты кәмелетке толмаған анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу нәтижесінде жанжалдың бастамашылары ретінде танылған жасөспірім ұл мен қыз қамауға алынды. Қалған қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың ата-аналарына балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік шаралар қолданылған, — делінген хабарламада.

Іс кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңесте қаралады. Тергеу аяқталған соң кінәлілерді арнайы білім беру ұйымына жолдау мәселесі шешіледі.