Мал іздеуге шығып, байланыссыз қалған азаматтар табылды

Ұлытау облысында жоғалып кеткен екі ер адам аман-есен табылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 22 ақпан күні сағат 06:00-де Ұлытау облысының 112 пультіне екі азаматтың мал іздеуге автокөлікпен шығып, байланысқа шықпай қалғаны туралы хабарлама түскен.

Іздестіру барысында ер адамдар Талап ауылы бағытындағы Солдат қыстағынан 24 шақырым қашықтықта табылды. Оларға медициналық көмек қажет болмаған.

Іздеу жұмыстарына ТЖМ күштерімен қатар жоғалғандардың туыстары, полиция департаментінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар өкілдері және «ҚазАвиаҚұтқару» тікұшағының экипажы жұмылдырылды, — делінген хабарламада.