Қазақстанның мәнерлеп сырғанаушысы, олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Миландағы олимпиада мұражайына тарихи алтын алған костюмін табыстады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің мәліметінше, салтанатты рәсім Миландағы конькимен жүгіру үйінде өтті. Бұл – спортшының олимпиада төрінде елге алтын сыйлаған сәтте киген костюмі.
Төртжылдықтың басты додасына арнайы әзірленген киімді қазақ дизайнерлері дайындаған. Терең көк түсті костюм ғарыш кеңістігін бейнелейді. Ол ерікті бағдарламада орындалған «Бесінші элемент» фильмінің атмосферасымен үндесіп, жұлдыздарға ұқсайтын жылтырақтармен көмкерілген. Бұл образ Шайдоровтың чемпиондық өнерінің ажырамас бөлігіне айналды.
Еске салайық, Қазақстанның мәнерлеп сырғанаушысы Михаил Шайдоров қысқы олимпиада алтынын жеңіп алды.
