Танымал британдық The Telegraph басылымы саяхатшылар өмірінде кемінде бір рет көруге тиіс әлемдегі ең үздік 10 шөлдің тізімін жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бұл қатарға Қазақстанның Маңғыстау өңірі де енді. Өңір әлемге әйгілі Сахара, Атакама және Гоби шөлдерімен қатар аталған.
Мақала авторы Сара Маршалл Маңғыстаудың табиғатын өзге планетаның ландшафтына теңеген. Басылым әсіресе Бозжыра шатқалы мен Үстірт платосы ерекшеліктеріне тоқталған.
Біз мұхит түбінде не жатқанын толық білмейміз, бірақ Қазақстандағы Үстірт платосының борлы мұнаралары мен әктас иірімдерін көргенде, мұхит табанының қандай болатынын анық елестетуге болады, – деп жазған автор.
Басылым Маңғыстауды «геологиялық ғажайыптардың қазынасы» деп атап, өңірдің басты нысандарын тізген. Олардың қатарында ақ борлы жартасы мен алып құздары үйлескен Бозжыра шатқалы, табиғат қашаған жұмбақ домалақ тастар – шарлар алқабы, сондымен қатар жартастар арасындағы көне жерасты мешіттері бар.
