ҚР премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин БҚО-ға жұмыс сапары аясында өңірдің бизнес қауымдастығымен кездесті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, жиынға БҚО әкімі Нариман Төреғалиев төрағалық етті. Сонымен қатар делегация құрамында орталық мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор мен қаржы институттарының өкілдері болды.
Вице-премьер алдымен конституциялық реформаға тоқталып, жаңа редакцияда барлық меншік нысандарының тең қорғалуы бекітілгенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл инвесторлар мен шағын және орта бизнес үшін аса маңызды.
Жаңа Конституция жобасы елдің егемендігін нығайтуға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамды топтастыруға берік құқықтық негіз қалыптастырады. Бүгінде Қазақстан азаматтарына құжат мәтінімен танысып қана қоймай, ел болашағына қатысты шешім қабылдау мүмкіндігі берілді. Баршаңызды республикалық референдумда азаматтық ұстанымдарыңызды танытуға шақырамын, – деді Серік Жұманғарин.
Серік Жұманғарин Салық кодексіндегі жаңашылдықтар мен экономикалық өсімнің проактивті саясаты туралы баяндап, бизнес өкілдерін ашық пікір алмасуға шақырды.
Кездесу барысында коммуналдық кәсіпорындардағы тариф саясаты, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына қатыстыру, өнеркәсіптік қауіпсіздік және өзге де өзекті мәселелер көтерілді.
Вице-премьер сұрақтардың басым бөлігіне сол жерде жауап берді. Ал жүйелі талдауды қажет ететін мәселелер өзі жетекшілік ететін жобалық кеңседе қаралатынын жеткізді.
