Қазақстанда неке жүзігі 64%-ға қымбаттады

Қазақстанда алтыннан жасалған неке жүзігінің бағасы қатарынан 17 ай бойы өсіп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Energyprom.kz мәліметінше, өткен жылдың қаңтар–желтоқсан айларында елде зергерлік және ұқсас бұйымдар өндірісі рекордтық 2,8 миллиард теңгеге жеткен. Бұл – 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе көп көрсеткіш.

Сарапшылардың мәліметінше, қаңтар айының соңында Қазақстанда бір грамм алтынның бағасы 89 мың теңгеге дейін өсті. Жыл басынан бері қымбаттау деңгейі 9,1% болды.

Алтын неке сақинасының құны 2024 жылдың ортасынан бері үздіксіз өсіп отыр және кейінгі екі жылдан астам уақытта төмендеген жоқ. Өткен жылдың желтоқсан айында сақина бір айда 1,1%-ға, ал жылдық есепте 38,2%-ға қымбаттаған. Салыстырмалы түрде, 2023 жылғы желтоқсанда жылдық өсім небәрі 2,7% болған еді. Бағаның ең жоғары өсімі Алматыда тіркелді — мұнда неке жүзігінің құны бір жылда 64,6%-ға артқан. Түркістан және Ақмола облыстары да алдыңғы қатарда. Ал Жетісу мен Маңғыстау облыстарында баға өсімі 14%-ке дейін ғана жеткен, — делінген хабарламада.