FlyArystan Ақтау – Дубай рейстерін қазанға дейін ұзартты

Қазақстандық лоукостер FlyArystan 2026 жылғы жазғы маусымда Ақтау – Дубай бағыты бойынша рейстерді орындауды жалғастырады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Компанияның мәліметінше, 2025 жылғы 29 қарашада ашылған бұл бағыт бастапқыда тек 2026 жылғы 24 наурызға дейін жүзеге асырылуға тиіс болған.

Жолаушылар тарапынан тұрақты сұраныс пен жоғары қызығушылыққа байланысты әуе компаниясы рейстерді жазғы кезеңге дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Рейстер 2026 жылғы 31 наурыз бен 24 қазан аралығында аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады, – делінген FlyArystan хабарламасында.

Ақтаудан ұшу сейсенбі күндері сағат 09:05-те, сенбі күндері 09:25-те жоспарланған. Ал Дубайдан кері рейстер жергілікті уақыт бойынша сағат 13:00-де жүзеге асырылады.

«Стандарт» тарифі бойынша әуебилеттердің құны бір бағытқа 58 мың теңгеден басталады.