16 наурызда Алматыда «Жаңа есімдер» гала-балеті өтеді

Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының сахнасында мемлекеттік академиялық би театрының балет труппасы алматылық көрерменге «Жаңа есімдер» гала-балетін ұсынады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Гала-балет Алматыда 16 наурызда сағат 19:00-де өтеді.

Бұл кеш жастықтың манифесіндей естіліп, дәстүр мен уақыт арасындағы көркем диалог ретінде өрбиді. «Жаңа есімдер» — бүгін есімге жұмыс істейтін, ал ертең есімнің өзі артиске қызмет ететін шығармашылық концерт.

Гала-балет «диалог» қағидасымен құрылған. Көрермен әлемдік классика фрагменттері мен заманауи хореографиялық шешімдерді қатар тамашалайды. Академиялық дәлдік, Болат Аюханов мектебінің дәстүрі және жас орындаушылардың жеке пластикалық мәнері бір сахнада тоғысады.

Кеш репертуарына П.И. Чайковскийдің «Щелкунчик» пен «Ұйқыдағы ару» балеттерінен үзінділер, Л. Минкустың «Дон Кихот» балетінен нөмір, «Сатанилла» қойылымындағы «Венециялық карнавал» па-де-десі енген. Сонымен қатар А. Аданның «Корсар» балетінен вариациялар, «Париж жалыны» спектаклінен нөмірлер және Арам Хачатурянның «Гаяне» балетіндегі әйгілі «Қылыш биі» орындалады.

Бағдарламадағы ерекше туындылар — «Қуанамын» және «Петроглифтер». Бұл нөмірлерде классикалық хореография ұлттық колоритпен және заманауи сахналық шешімдермен үйлесім тапқан.

Сахнаға жас балет артистері Минами Ватанабэ, Нұр Дулатұлы, Асылбек Исмаил, Сымбат Максут, Алия Қурабаева, Ислам Тұрғанов, Бағлан Текесбаев, Полина Ким, Орымкүл Нұрдана, Аянат Ерболатова, Маргарита Иванова, Аделия Акильбаева, Абзалхан Алмағанбет, Шамши Дулат, Сани Бертолеева, Ардақ Таменова, Аружан Бекталиева, Карима Меерманова, Айша Қаспақбаева, Ботагөз Булатова шығады. Сонымен бірге концертке сахна шеберлері Айнұр Мұқашева, Мади Қасымов, Юлия Асенканова және Дияр Әкенев қатысады.

Кеш жас орындаушылар мен тәжірибелі артистердің сабақтастығын көрсетіп, классика мен заманауи хореографияның бір-бірін толықтыра алатынын айқындайды.