Жолаушының орынсыз әзіл-қалжыңы Атырау әуежайының жұмысының уақытша тоқтауына себеп болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқиға «Атырау – Алматы» рейсіне тіркелу кезінде болған. Ер адам тіркеу барысында қол жүгінде жарылғыш зат бар екенін айтып, көрінеу жалған ақпарат таратқан.
Әлеуметтік желілерде жолаушыларды эвакуациялау сәті бейнеленген видео тарады. Бұл ақпаратты көліктегі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми түрде растады. Арнайы қызметтердің тексеруі нәтижесінде қауіп расталмады. Соған қарамастан әуежай аумағында қауіпсіздік іс-шаралары күшейтіліп, рейстер уақытша тоқтатылды. Аталған дерек бойынша көліктегі полиция департаменті қылмыстық кодекстің 273-бабы — «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша қылмыстық іс қозғады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мәліметтері жария етілмейді, — делінген ҚР терроризмге қарсы орталығының хабарламасында.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін әуежай қалыпты режимде жұмысын қайта жалғастырды.
Құзырлы органдар мұндай әзіл-қалжыңдардың ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертіп, азаматтарды қоғамдық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырды.
