Қазақстандық стендап-комик Нұрлан Сабыров Ресейге кіруіне тыйым салынғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір айтудан бас тартты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Шоуменнің айтуынша, қазір бұл мәселемен заңгерлер айналысып жатыр.
Сонымен бірге Нұрлан Сабыров әлеуметтік желіде өзінің шығармашылық жолына тоқталды.
Стендап-комик ретіндегі мансабым шамамен 15 жыл бұрын Екатеринбургте басталып, кейін Мәскеуде жалғасты. Осы жылдар ішінде мен Ресейдің көптеген қаласында болдым. Барлық жерде мені достық пейілмен, жылы қарсы алды. Мен өзімді әртіс ретінде қалыптастырған елге алғысым шексіз. Ресейде де, одан тыс жерлерде де үлкен көпұлтты аудиторияға ие болдым, – деп жазды ол.
Сонымен қатар Нұрлан Сабыров журналистерге, блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарына жеке өміріне құрметпен қарауды сұрады.
Отбасымның, жұбайым мен балаларымның, ата-анам мен жақындарымның жеке өміріне құрметпен қарауларыңызды өтінемін. Баршаңызға амандық тілеймін, – деп түйіндеді ол.
Еске салайық, 6 ақпанда Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жыл мерзімге кіруге тыйым салынды.
