Қазақстанда 2026 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық аясында өзен арналары тазартылып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, елдің алты облысында жалпы ұзындығы 109,5 шақырым болатын өзен учаскелерінде тазалау және тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жұмыстар министрлік пен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп әзірлеген 2025–2027 жылдарға арналған елді мекендер маңындағы өзен учаскелерін санациялау жөніндегі жол картасы аясында іске асырылып жатыр.
Қалпына келтіру шаралары тасқын судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп, елді мекендерді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Абай, Ақмола, Қостанай, Атырау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы тоғыз өзеннің 83,7 шақырым аумағында жұмыстар толық аяқталған. Ал қыс мезгіліне байланысты Ақмола және Қарағанды облыстарындағы үш өзеннің 25,8 шақырым учаскесінде тазалау жұмыстары уақытша тоқтаған, – деді министрліктің бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Министрлік барлық жоспарланған шараларды көктемгі тасқын басталғанға дейін толық аяқтауды көздеп отыр.
