Көктемгі су тасқыны: 5 өңірде қауіп жоғары

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Өңірлерде су тасқынының алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. 831 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, топырақ үйінділері тұрғызылды. 1 мың шақырымнан астам дренаж жүйелері, арналар мен арықтар жөнделіп, қайта салынды. Автомобиль және теміржол учаскелерінде 934 су өткізу құрылысы орнатылып, ауыстырылды. Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында көпірлерге күрделі жөндеу жүргізілді. Су тасқыны қаупі бар өзен учаскелерінде 166 шақырым арна тереңдетіліп, 255 шақырым жағалау бекітілді. Сонымен қатар 221 шақырым арна түзетіліп, 172 шақырым өзен арналары тазартылды, — делінген үкімет хабарламасында.

Қанат Бозымбаев Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында су тасқынының алдын алу шараларын күшейту қажеттігін атап өтті.

Әкімдіктерге өзендерде қажет болған жағдайда жарылыс жұмыстарын алдын ала жүргізу, су бұру арналары мен су өткізу құрылыстарын тазалау, сонымен қатар қарды уақытылы әкетуді қалалармен қатар ауылдық елді мекендерде де қамтамасыз ету тапсырылды.