Былтыр Қазақстанда 342 адам донор ағзасын күтіп үлгермей, қайтыс болды

Не болды?

2025 жылы елімізде 342 адам донор ағзасын күте алмай, қайтыс болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы қайтыс болған адам ағзасын донор негізінде алып, 18 донор процесі жүрген. Былтыр 68-ден астам маңызды ағзаның трансплантациясы сәтті өткен.

Бүгінде ересектер мен балаларды қосқанда, ағзасын ауыстыруға кезекте тұрған пациенттер саны – 4 506 адам. 2025 жылы донор ағзасы болмағандықтан, 342 адам трансплантаттауды күте алмай, көз жұмды, — делінген министрлік хабарламасында.

Кадр даярлау барысы

Министрлік осы сала бойынша кадр даярлауға ден қойғанын хабарлады. Трансплантаттау курсы аясында 168 маман сертификатталып, 42 дәрігер шетелде оқып келді.

Контекст

Естеріңізге салайық, былтыр инсульттан қайтыс болған адам донор болып, бес адамның денсаулығын жақсартуға ықпал еткен еді.