Ерлі-зайыпты блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, оларға заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру баптары бойынша айып тағылып отыр.
Instagram желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты азаматтардың сенімін пайдаланып, заңсыз табыс табу схемасын ұйымдастырған. Тергеу дерегі бойынша, 2025 жылы онлайн-курстарды сату сылтауымен арнайы схема іске қосылған. «Курстарды» сатып алғандар қымбат сыйлықтар ойнатылатын ұтысқа қатыса алады деп уәде етілген. Алайда таратылған бейнематериалдардың басым бөлігі YouTube және басқа да ашық дереккөздерден алынған, ал курстардың нақты білім беру құндылығы болмаған. Бұл қызмет заңсыз лотереяны бүркемелеу үшін қолданылғаны анықталды. Жүлде қоры күдіктілердің жеке қаражаты есебінен емес, қатысушылар төлеген ақшадан қалыптастырылған, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар тергеу барысында электрон «сәттілік барабанының» параметрлерін өзгерту фактілері анықталған. Нәтижесінде 5 мың теңгелік ұтыстың түсу ықтималдығы әдейі арттырылып, ал құнды жүлделердің жеңіске шығу мүмкіндігі айтарлықтай төмендетілген.
Күдіктілер жария түрде ең көп репост жасаған қатысушыға 11-автокөлікті табысталғаны туралы мәлімдеп, акцияның қамту аясын кеңейту мен назар аудару мақсатын көздеген. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және сыйлық табысталмаған. Тергеу нәтижесінде азаматтардан Zhana Business ЖШС бақылауындағы шоттарға 247,5 миллион теңге түскені белгілі болды. Оның 60 миллион теңгесі депозиттік шоттарға орналастырылған, — делінген хабарламада.
Сот санкциясымен 17 iPhone, сонымен қатар Lamborghini Urus, Lexus LX 600 көліктерін қоса алғанда 10 автокөлікке тыйым салынды. Күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Қазіргі уақытта олар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.
Еске салайық, Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованы лицензиясыз лотерея ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатын.
