Елиз Пәкту (Elise Paqueteau) — қазақ тілі мен ділін зерттеп жүрген француз қыз. Өзі ағылшынша, түрікше де біледі. Baribar.kz тілшісі өз бетінше қазақ тілін үйреніп, сол туралы контент жасап жүрген Елизбен сұхбаттасты.
Бәрі Америка қызының Қазақстан туралы влогынан басталған
Елиз Пәкту — Парижде тұрады. Мамандығы — сапа менеджері. Қазақ тілін өз бетінше үйреніп алған.
2019 жылы Францияның оңтүстігінде оқып жүрген қарапайым, көп студенттің бірі едім. Бір күні YouTube маған Қазақстан туралы видео ұсынды. Ол — бір Америка қызының Қазақстан туралы түсірген влогы еді. Ол кезде сіздердің еліңіз туралы біле бермейтінмін. Видео өте қызық болды. Қызық болғаны соншалық, бір видеодан кейін тоқтай алмадым. Интернеттен осы мемлекет туралы, тілі, жері, дәстүрі, әндері мен тарихы туралы ақпарат іздей бастадым. Кейін, 2021 жылы Парижге көшкеннен кейін ғана қазақ тілінде видео түсіріп, платформаларға жүктеп жүрген бір қызбен таныстым. Ол қыз мені қазақша кино фестиваліне шақырды. Бұл мен қатысқан алғашқы қазақша іс-шара болды, — дейді Елиз.

«Қазақ мәдениеті орталығына барып тұрамын»
Ол кезде Францияның оңтүстігінде қазақша сөйлейтін орта болмады десем жаңылмаймын. Қазақша сөйлейтіндер мен қазаққа қатысты іс-шаралар көбінесе Парижде өтетін. Алайда Париждегі ондай іс-шараларға қатыса алмадым. Әлемді індет жаулап, барлық жерге карантин шектеуі еніп кетті. Мойымайын деп ашық дереккөздегі ақпаратты пайдаланa бастадым. Қазақ әліпбиін жаттап, тегін сайттардағы тапсырмаларды орындап жүрдім. 2019 жылы орыс тілі мен түрік тілін білмейтінмін. Сондай адам үшін қазақ тілі туралы, қазақша ақпарат іздеп, табу өте қиын жұмыс еді. Ал қазір ақпарат көп. Тіпті Threds желісіндегі жазбаларды оқып, соның арқасында сөздік қорымды толтырып жүрмін, — дейді француз қыз.
Елиздің айтуына қарағанда, ол 2025 жылғы қыркүйектен бастап аптасына бір рет қазақ мәдениеті орталығына тіл үйрену үшін барып тұрады екен. Тобындағы студенттер мен оқытушының тіл үйрету форматы оған қатты ұнайтын көрінеді.
Әйтсе де, бұл орталықтағы оқулықтың қатесі көп әрі ескі, ал оған балама оқулық жоқтың қасы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Қонақ деген сөз ұнайды»
Елиздің айтуына қарағанда, оған орфоэпиясы (дұрыс дыбысталуы) жағынан «аспан», «арман», «жаным» деген сөздер ұнайды. Ал мағынасы жағынан «қонақ» деген сөзді ұнатыпты. Оның айтуынша, бұл сөздің астарында жай ғана қонақ болып келетін адам емес, одан да терең мағына жатыр. Осы бір-ақ сөз қазақ ұлтының дәстүрі мен болмысын ашып бере алады дейді.

Қазақ тілі Елиздің өмірін қалай өзгертті?
Қазақ тілі, ең алдымен, блог жүргізуіме себеп болды. Соның арқасында қазір қазақ досым мен танысым көп. Қазақстан туралы бұрынғыға қарағанда көбірек іздене бастадым. Бұл кішкентай қадамдар қазақ пен француз ұлты арасына көпір салуға көмектеседі деп сенемін, — дейді Елиз.

Елиздің айтуына қарағанда, қазақ тілін үйрену мен қазақ халқымен танысу оның Қазақстанға, Ақтауға саяхаттап келуіне себеп болған. Әсіресе, қазақ халқымен сөйлесіп, көп шабыт алыпты.
Кез келген тілді ең әуелі адамдарымен қабылдаймын. Үнемі жадымда сақтап жүретін кеңес те сол, жаңа тіл үйренгің келсе, сол тілде сөйлейтін халықтың мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысу керек. Қазақ тілі өте бай. Құлаққа жағымды әрі өлең мен әдемі ән сияқты естіледі, — дейді француз қызы.
Француз бен қазақ мәдениетінің ұқсас тұсы
Елиздің айтуынша, екі ұлттың ұқсастығы — қонақжай екенінде. Жақын, таныс адамдарды үйге шақырып, дастархан басында әңгіме-дүкен құру — қазақ халқында да, француз халқында да бар.
Әрине, сіздердің дастарханға қоятын тағамдарыңыз біздікінен басқаша. Алайда қонақ шақырып, олардың келуіне алдын ала дайындалу әдеті екі ұлтта да бар. Меніңше, бұл керемет. Өйткені бұлай қонақ күтпейтін халықтар да бар, — дейді Елиз.

Қазақ тілін үйренгісі келетін шетел азаматтарына кеңес
Біреуге ақыл айту қиын екен, оның үстіне өзім де әлі қазақ тілін үйреніп жүрмін. Алайда кеңес айтар болсам, мына нәрсені қайталай берер едім: тоқтамаңыз. Жаңа дүниені үйрену жолында қолды бір сілтеп қайтып кеткің келетін сәттер болады, бірақ оған алданып қалуға болмайды. 2019-2020 жылдары қазақ тілін үйренуге көмектесетін ақпараттың аздығынан бірнеше рет менің де сағым сынды. Алайда қайта бастауға қорықпадым. Бұл тілді үйрену сізге не үшін керек екенін ұмытпасаңыз, нәтижеге жетесіз. Аптасына бір рет төрт сағат оқығанша, аптасына төрт рет он минуттан оқыңыз. Қабілетіңізді шыңдау үшін қазақ достармен араласыңыз, хабарласып тұрыңыз. Сөздің дұрыс айтылуынан немесе грамматикадан қиналсаңыз, көмек сұраудан тартынбаңыз. Қазақ халқы өте мейірімді. Сізге қуана-қуана көмектеседі, — дейді Елиз.
Елиздің айтуынша, Қазақстан қазақ тілін үйренуге арналған дереккөз (кітап, сайт, қолданба, фильм субтитрі) көбейтсе, шетел азаматтары қуанып қалар еді. Ондай қолданбалар мен жаттығуға арналған дереккөздер бар. Дегенмен олардың басым көпшілігі орысша сөйлейтін аудиторияға арналған. Шетел азаматтарына, мысалы, француздарға арналған ақпарат өте аз.
***
Тағы оқыңыз:
Нағыз патриот. Қазақ тілін үйреніп жүргендерге орта қалыптастырған Алексей

