Алматы активімен өткен кездесуде қала әкімі Дархан Сатыбалды конституциялық реформаны іске асырудың негізгі басым бағыттарын айқындады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қала әкімінің мәліметінше, жиынға мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, басқарма басшылары және қалалық қызметтердің жетекшілері қатысты.
Дархан Сатыбалды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды конституциялық реформа жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы егемендік пен тәуелсіздікті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, ұлттық бірлікті күшейтуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Дархан Сатыбалды құжатта адами капиталды дамыту, білім беру, ғылым мен инновацияны мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтары ретінде айқындау ерекше орын алатынын атап өтті. Сонымен бірге реформалар аясында азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігі кеңейіп, жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлі күшейтіледі. Шешім қабылдау үдерісінің ашықтығы артып, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі күшеймек.
Қалалық мәслихат төрағасы Мейіржан Отыншиев жаңа Конституция жобасын қолдайтынын білдіріп, оның елдің одан әрі дамуы үшін маңызын атап өтті.
Бұл құжат азаматтар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қатысқан ауқымды қоғамдық талқылаудың нәтижесі. Жаңа Конституция жобасы қоғамның саяси жүйені жаңартуға, әділеттілік пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға деген сұранысын айқын көрсетеді, — деді ол.
Алматы әкімі жаңа Конституция жобасы бойынша түпкілікті шешім республикалық референдумда қабылданатынын атап өтіп, конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызын халыққа түсіндіруде атқарушы және өкілді органдардың үйлесімді жұмысы қажет екенін айтты.
