Конституциядағы аумақтық тұтастық нормасы өзгеріссіз қалады

Конституциядағы аумақтық тұтастық нормасы өзгеріссіз қалады. Бұл туралы Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов айтты.

Конституциялық комиссия отырысында Астана халықаралық университетінің Жоғары құқық мектебінің профессоры Исидор Борчашвилидің баяндамасы сынға ілікті.

Бүгін Ата заңдағы реформалар жөніндегі комиссияның төртінші отырысында даулы ұсынысқа нақты түсіндірме берілді. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Борчашвилидің сөзінің мән-мағынасын ашып, қоғамда тараған қауесеттерге нүкте қойды.

Оның айтуынша, Қазақстанның біртұтастығы мен аумағының бөлінбейтіні туралы конституциялық норма өзгеріссіз қалады. Ешқандай аумақтық бөліну немесе ерекше мәртебе беру туралы сөз жоқ.

Ұсынылып отырған өзгеріс — белгілі бір аумақтарға қаржы саласында арнайы құқықтық режим енгізу немесе «жылдам даму қалалары» форматындағы экономикалық тетіктерді Конституция деңгейінде бекіту мүмкіндігі. Бұл, ең алдымен, ел экономикасына инвестиция тартуға бағытталған. Атап айтқанда, Астанадағы Халықаралық қаржы орталығының қызметін кеңейту және Алатау қаласына арнайы құқықтық режим енгізу мәселесі қарастырылып отыр. Мемлекеттің біртұтастығы, Қазақстан аумағының тұтастығы, бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмаушылығы туралы норма өзгеріссіз қалады, — деп нақтылады Бақыт Нұрмұханов.