29 қаңтарда 11 қалада ауа сапасы нашарлайды

29 қаңтарда Қазақстанның бірнеше қаласында ауаның ластануына ықпал ететін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі.

Мамандардың мәліметінше, Павлодар, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Өскемен, Семей, Риддер, Ақтөбе және Алматы қалаларында, сонымен қатар түнгі уақытта Астана қаласында ауаның ластануының қолайсыз метеорологиялық жағдайлары болжанған.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар — атмосфераның беткі қабатында зиянды заттардың жиналуына әсер ететін қысқамерзімді факторлар жиынтығы. Олардың қатарына тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия жатады.

Мұндай кезеңдерде елді мекендердегі ауа сапасы төмендеп, тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.