Қызылордада сексеуіл сатқан қылмыстық топ ұсталды

Ішкі істер министрлігі Қызылорда облысындағы ұлттық қорықта сексеуілді заңсыз кесіп, сатып келген қылмыстық топты әшкереледі.

Бұл туралы ІІМ хабарлап отыр.

Тергеу барысында заңсыз әрекетке қорық инспекторларының да қатысы бары анықталды.

Инспекторлар сексеуілдің заңсыз кесіліп жатқанын біле тұра, ақшалай сыйақы үшін қылмыстық топқа шара қолданбаған. Пара жүйелі түрде алынған, ал күдіктілер ұзақ уақыт бойы өздерін жазасыз сезінген. Қылмыстық топ сексеуілді кесу, жалған құжат рәсімдеу және сатудың толық схемасын құрған. Тінту кезінде бірнеше мылтық, жүк көліктері, ара құралдары мен қомақты қаржы тәркіленді, — делінген хабарламада.

ІІМ өкілдері сексеуілдің орнына жаңа ағаш егіп, оны өсіруге ондаған жыл қажет екенін атап өтті. Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.