Президентті сайлау уақыты өзгеруі мүмкін

Конституциялық комиссияның екінші отырысында әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Конституцияға енгізілетін өзгерістерді таныстырды.

Министрдің мәліметінше, Конституцияның 41-бабына президентті сайлау датасына қатысты түзету ұсынылып отыр.

Қазіргі заңнама бойынша президентті сайлау желтоқсан айының бірінші жексенбісінде өтетіні көрсетілген. Алайда бұл норма кейде өкілеттік мерзімінің аяқталуы мен сайлау күні арасындағы айырмашылыққа алып келуі мүмкін.

Осыған байланысты Конституцияның 41-бабына президентті сайлау оның өкілеттік мерзімінің аяқталуына кемінде екі ай қалғанда өтеді деп өзгеріс енгізу ұсынылады. Бұл редакция мемлекет басшысының сайлау күнін оның өкілеттік мерзіміне сәйкес белгілеп, құқықтық айқындықты қамтамасыз етеді, – деді әділет министрі.

Осы түзетулер қабылданған жағдайда, президентті сайлау процесі бұрынғыдан да нақты және заңдық тұрғыдан үйлесімді түрде жүргізіледі.

Айта кетейік, президент Ұлттық құрылтай отырысында егер мемлекет басшысы лауазымынан мерзімінен бұрын кетсе, екі ай ішінде президентті сайлау өтуі керек екенін айтты.