Арал теңізінің құрғаған табанына 53 млн сексеуіл көшеті егіледі

Арал теңізінің құрғаған табанында жүргізіліп жатқан экологиялық жұмыстарға арналған кеңес өтті. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлап отыр.

Кеңес барысында 2021 жылдан бері атқарылған жұмыстардың нәтижелері пысықталды. Министрлік мәліметінше, өңірдегі экологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында орман-мелиорациялық шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы кезеңде 1 миллион гектар аумақ қамтылып, 3 223,4 тонна сексеуіл мен галофит бұталарының тұқымы себілді, сонымен қатар 53,2 миллион сексеуіл көшеті егіледі, — делінген хабарламада.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ғалымдарға Арал теңізінің құрғаған табанындағы жұмыстарға ғылыми сүйемелдеу жасауды тапсырды. Сонымен қатар Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына көшет егу барысын қатаң бақылау жүктелді.

Бұдан бөлек, жауапты комитетке Арал теңізінің құрғаған табанында жоспарланған жұмыстардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету міндеті қойылды.