Министр: Ұшақ билеттеріне қатысты тексеру басталды

Министрлік FlyArystan-ның бұрынғы қызметкерінің ұшақ билетіне қатысты жариялаған ақпаратын тексеріп жатыр.

Бұл туралы көлік және коммуникациялар министрі Нұрлан Сауранбаев айтты.

Овербукиң – әлемдегі барлық авиакомпанияда қолданылатын стандарт құрал. Ол жолшылардың кейбірі рейске келмейтінін ескеріп, қосымша билеттер сатуды қамтамасыз етеді. Егер рейске барлық билетті алған пассажирлер келсе, авиакомпаниялар клиенттерді жоғарғы класта орналастыру немесе басқа өтемақы төлеу міндетті, – деді Нұрлан Сауранбаев мәжілістегі брифиңде.

Министрдің айтуынша, қазіргі тексеру овербукиңге емес, тек жарияланған ақпаратқа қатысты – яғни қызметкерлер тарапынан заңсыз әрекет болған-болмағанын анықтау үшін жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін FlyArystan компаниясының бұрынғы қызметкері Ренат Абулханов Air Astana топ-менеджерлерінің мүддесіне әуе билеттерін жеңілдікпен сатқанын мәлімдеген болатын.