Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгеріс енгізетін хаттаманы ратификациялады.
Құжат бойынша, Қазақстан аумағындағы «Кеген-автожолдық» және «Қарқара-автожолдық» өткізу пункттерінің жұмыс режимі тәулік бойына ауыстырылады. Қазіргі уақытта бұл бекеттер тек күндізгі уақытта ғана қызмет көрсетіп келеді.
Мәжіліс қорытындысында аталған өзгеріс қазақ-қырғыз шекара маңы ынтымақтастығын дамытуға, тауар айналымын арттыруға және туризм саласындағы әріптестікті күшейтуге мүмкіндік беретіні айтылған. Сонымен қатар басқа өткізу пункттеріндегі жолаушылар ағынын азайтуға ықпал етеді.
Айта кетейік, Кеген өткізу пункті арқылы жылына шамамен 116 мың адам және 28 мың көлік өтеді. Жұмыс режимі тәулік бойына көшкеннен кейін бұл көрсеткіштердің екі есеге артуы мүмкін.
Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы сенаттың қарауына жолданды.
