Шымкентте көшенің қақ ортасында жанжал шығарып, екі адамды пышақтап, бір адамды ұрлап кеткен төрт күдікті ұсталды.
Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлап отыр.
Полицияның мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде адам өлтіру мен бұзақылық қылмыстарына қатысы бар деген күдікпен төрт ер адам анықталып, қолға түскен.
Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, – делінген ресми хабарламада.
Аталған факті бойынша «Адам өлтіру», «Бұзақылық» және «Адамды ұрлау» баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу және өзге де жедел іс-шаралар жалғасып жатыр.
Еске салайық, Шымкентте жол апаты жаппай төбелеске ұласты. Оқиға салдарынан 40 жастағы ер адам пышақ жарақаттарынан қаза болды, тағы бір азамат ауруханаға жеткізілген. Қанды қылмыс 20 қаңтар күні Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған.
