2025 жылғы қаңтар–қараша айлары аралығында Қазақстанға жалпы құны 10,7 миллион доллар болатын 3,8 мың тонна ет импортталды.
Бұл туралы Data-Hub хабарлап отыр.
Кейінгі 10 жылдағы ең жоғары импорт көлемі тіркелді. Бұған дейінгі рекорд 2022 жылдың алғашқы 11 айында байқалған еді.
Импорт құрылымында Моңғолияның үлесі айтарлықтай артқан. Жалпы жеткізілімнің 60%-ы осы елге тиесілі. Бір жыл ішінде Моңғолиядан әкелінген ет көлемі 3,6 есеге өскен. Кейінгі 10 жылда бұл көрсеткіш тек 2022 жылы ғана осындай деңгейге жеткен.
Сонымен қатар ішкі өндіріс те өсім көрсетіп отыр. 2025 жылғы қаңтар–қарашада сойылған малдың ет салмағы 146,8 мың тонна болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5%-ға көп. Сарапшылардың пікірінше, импорттың күрт артуы ішкі тұтынудың да біршама өскенін аңғартады.
Ал экспорт көлемі әлі де төмен деңгейде қалып отыр. 2025 жылдың 11 айында Қазақстан шетелге небәрі 124 тонна ет экспорттаған. Оның барлығы Өзбекстанға жөнелтілген.
