Жаркентте баласын ұрып-соққан әйел ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Жетісу облысында болған балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактісіне байланысты мәлімдеме жасады.

Оқиғадан кейін екі бүлдіршін қауіпсіздік мақсатында «Мейірім» қамқорлық орталығына жеткізілді.

Динара Зәкиеваның айтуынша, қазіргі таңда балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Балалар қауіпсіз жерде. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының атына ата-ана құқықтарынан айыру мәселесін қарау үшін тиісті ұсыныс жолданады, – деп жазды бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, зардап шеккен балаларға қажет медициналық көмек көрсетіліп, психологиялық қолдау ұйымдастырылған.

Еске салайық, әлеуметтік желіде Жаркент қаласында әйелдің өз баласын байлап, ұрып-соғып жатқан видеосы тараған болатын. Тексеру нәтижесінде 28 жастағы әйелдің екі баласын жүйелі түрде аяусыз соққыға жыққаны анықталды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да