Бас прокуратура жаңа алаяқтық туралы ескертті

Telegram желісінде электрон кітаптарды тегін ұсынатын боттар арқылы жаңа алаяқтық схема белең алып жатыр. Бұл туралы бас прокуратура хабарлап отыр.

Бас прокуратура «тегін кітапхана» ретінде ұсынылатын сервистердің артында азаматтардың ақшасы мен жеке деректерін ұрлауға бағытталған зиянды бағдарламалар тұрғанын ескертті.

Ведомство мәліметінше, алаяқтар қолданушыларға жазылусыз және шектеусіз онлайн-кітапханаға қол жеткізу туралы хабарлама жолдайды. Боттар нақты сервистің жұмысын қайталап, сұралған кітаптың қысқаша мазмұнын ұсынып, «жүктеу» батырмасын көрсетеді. Алайда кітапты жүктеу сәтінде файлдың орнына арнайы қолданбаны орнату талап етіледі. Дәл осы қолданбаның ішінде зиянды бағдарлама жасырылған.

Мамандардың айтуынша, бейтаныс файлды орнату банк қолданбаларына қол жеткізуге, шоттағы қаражаттың жымқырылуына, парольдер мен жеке деректердің ұрлануына әкелуі мүмкін. Сонымен бірге хакерлер смартфонды сырттай басқарып, камера мен микрофонды іске қоса алады.

Бас прокуратура азаматтарды кибергигиена талаптарын қатаң сақтауға шақырып, Telegram боттарынан және бейресми дереккөздерден .apk немесе .exe форматындағы файлдарды орнатпауға кеңес берді.

Нағыз электрон кітаптар әдетте .pdf, .epub немесе .mobi форматында болады. Егер сізден кітап оқу үшін қолданба орнатуды сұраса — бұл алаяқтықтың айқын белгісі, — деп ескертеді ведомство.