Атырау облысының Жангелдин ауылында із-түзсіз жоғалған Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүл Қарабалинаны іздеу жұмыстары уақытша тоқтатылды.
Бұл туралы «Ақ Жайық» хабарлап отыр.
ТЖД мәліметінше, құтқару бөлімшелері полиция департаментінің ресми өтініші негізінде іздеу шараларына тартылған. Мамандар елді мекен маңындағы полиция көрсеткен барлық аумақты толықтай тексерген.
Белгіленген аумақтардың барлығы қаралды. Қазіргі уақытта полиция тарапынан іздеуді жалғастыруға қатысты жаңа бағыттар немесе қосымша сұраныстар түскен жоқ, – делінген департамент хабарламасында.
Осыған байланысты ТЖД бөлімшелері іздеу жұмыстарын уақытша тоқтатқанымен, полицияның жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасып жатыр.
Бұған дейін тергеу аясында күдіктілер тұрған үйлер, оның ішінде Атырау қаласындағы Геолог шағынауданындағы уақытша баспаналар тексерілген. Сонымен қатар Орал қаласынан арнайы георадарлар алдырылып, жер асты аумақтарына да тінту жүргізілген.
Құқық қорғау органдары отбасы мүшелерінің қаза болған болуы мүмкін деген нұсқаны да жоққа шығармай отыр. Ал ТЖД өкілдері жаңа деректер пайда болған жағдайда іздеу жұмыстарын қайта бастауға дайын екенін мәлімдеді.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға арызданған. Оның айтуынша, ағасы мен отбасы мүшелері бір айдан астам уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткен. 5 желтоқсанда полиция аталған жағдайға қатысты қылмыстық іс тіркеп, «адам өлтіру» бабы бойынша тергеу бастады.
Атырау облысының полициясы Қызылқоға ауданында бұрын хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыптының мәйіттері табылғанын ресми түрде растады.
Полиция ерлі-зайыптылардың өліміне күдікті адамды іздестіріп жатыр.
