Тоқаев FIS президентін «Достық» орденімен марапаттады

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шаңғы спорты және сноуборд федерациясының (FIS) президенті Йохан Элиашты қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.

Кездесуде Қазақстанның Халықаралық шаңғы спорты федерациясымен ынтымақтастық перспективасы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 85 мыңнан аса адам шаңғы спортымен тұрақты түрде шұғылданатынын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанда тау шаңғысы мен шаңғы жарысы кешендері, халықаралық деңгейдегі мұз ареналары секілді заманауи инфрақұрылымдар бар.

Мемлекет басшысы еліміз жақында Италияда өтетін қысқы олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалып жатқанын жеткізді.

FIS президенті спортқа қолдау көрсеткені үшін мемлекет басшысына алғыс айтып, Қазақстан азаматтары әлемнің байрақты бәсекелерінде лайықты өнер көрсетіп жүргеніне назар аударды.

Сонымен бірге ол Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларға жоғары баға берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Йохан Элиаш еліміздің Халықаралық шаңғы спорты федерациясымен тәжірибе алмасу, спортшыларды даярлау, бапкерлерді оқыту және төрелік ету бағыттарындағы ықпалдастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.

Мемлекет басшысы шаңғы спорты және сноуборд федерациясы президентін «Достық» орденімен марапаттады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да