Қазақстандық лоукостер Иранның әуе кеңістігін айналып ұшады

Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты FlyArystan әуе компаниясы халықаралық рейстердің маршруттарына өзгеріс енгізеді.

Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Компанияның мәліметінше, Иран аумағындағы әуе қозғалысына қатысты жағдай 17 қаңтарға жоспарланған екі рейске әсер етеді. Атап айтқанда, Атырау – Доха және Ақтау – Дубай бағытындағы ұшуларға өзгеріс енгізілуі мүмкін.

Қазіргі уақытта бұл рейстерді Иранның әуе кеңістігін айналып өтетін баламалы бағыттар арқылы орындау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. FlyArystan үшін жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі – басты басымдық, – делінген компания хабарламасында.

Әуе компаниясы жолаушыларды рейстердегі өзгерістер туралы WhatsApp, SMS және электрон пошта арқылы хабардар етеді. Сонымен қатар рейстер туралы өзекті ақпаратты FlyArystan-ның ресми сайты мен мобайл қолданбасынан көруге болады.

Айта кетейік, Air Astana әуе компаниясы да Иранның әуе кеңістігі жабылуына байланысты бірқатар тұрақты және чартерлік рейстердің маршруттарын өзгертті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да