«Құпия кездесуге шақырады». Депутат Roblox-ты шектеуді ұсынды

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Үнзила Шапақ Roblox онлайн-платформасының Қазақстандағы қызметін шектеу немесе оған қосымша бақылау тетіктерін енгізу мәселесін көтерді.

Ол бұл туралы жасанды интеллект министрлігіне жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Депутаттың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Roblox балалар мен жасөспірімдер арасында кеңінен таралған. Ашық дереккөздерге сәйкес, платформаға күн сайын 150 миллионға жуық адам кіреді, олардың басым бөлігі – кәмелетке толмағандар.

Үнзила Шапақ Roblox-тың балалар психикасына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Оның ішінде виртуалды тәуелділік, агрессивті мінез-құлық, шынайы өмірден алшақтау және жас ерекшелігіне сай келмейтін контентке қол жеткізу секілді қауіптер бар.

Сонымен қатар депутат ашық онлайн-платформаларда қылмыстық ниеті бар адамдардың, соның ішінде педофилдер мен алаяқтардың белсенді әрекет ететіні туралы деректерге тоқталды.

Олардың тактикалары қарапайым, алайда хирургиялық дәлдікпен жасалатындай. Алдымен ойындағы виртуалды чат арқылы баланың сеніміне кіріп, кейіннен Roblox-тан телеграмға көшіп, құпия кездесуге шақырады және аяғы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін. Ал алаяқтар дәл осылай баланың сеніміне кіріп, оған сыйлық беруге уәде беріп, ата-анасының картасының номерін және СМС-кодты сұрайды. Бала сеніп айтқандарын орындайды, нәтижесінде картадан ақша шешіліп алынады, — дейді Үнзила Шапақ.

Оның сөзіне қарағанда, Roblox компаниясы қауіпсіздікке кепілдік бергенімен, секундына ондаған мың хабарлама жүретін ортаны толық бақылау мүмкін емес. Осыған байланысты Түркия, Катар, Ресей, Қытай, Иран және Солтүстік Корея сияқты елдерде бұл платформаға тыйым салынған.

Осы тәжірибені ескере отырып, Үнзила Шапақ Қазақстанда да Roblox қызметін шектеу немесе оған қосымша бақылау енгізу жоспарланып отыр ма деген сауал жолдады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да