Қатты аяз кезінде Теміртау қаласында магистральдық жылу құбыры зақымданып, 8-ші және Отрадное шағынаудандарындағы ондаған тұрғын үй жылусыз қалды.
Апат кеше кешкі уақытта аталған аумақтарды жылумен қамтамасыз ететін негізгі жылу желісінде болғаны әлеуметтік желілерде де тарады.
Құбырдың жарылуы салдарынан шамамен 40 көпқабатты тұрғын үй, бірнеше жеке баспана, сонымен қатар бірқатар бизнес пен әлеуметтік нысан жылусыз қалған. Оқиға кезінде аймақта ауа температурасы –30 градусқа дейін төмендеген.
Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовтің айтуынша, зақым 1970 жылдардан бері күрделі жөндеуден өтпеген, тозығы жеткен құбыр учаскесінде анықталған. Апатты жою үшін коммуналдық қызметтер мен апаттық-қалпына келтіру бригадалары жедел жұмылдырылып, қажет техника толық көлемде тартылған.
Бүгін сағат 10:00-дегі жағдай бойынша ақау толық жойылды. Қазіргі уақытта жылу жүйесін толтыру және үйлерге жылу беру кезең-кезеңімен қайта қалпына келтіріліп жатыр, — деді қала әкімі.
Әкімдік жағдайдың тұрақты бақылауда екенін және қосымша ақпарат берілетінін хабарлады.
