Тайландта қазақстандық туристер мінген катер апатқа ұшырады

Тайландтың Пхукет аралы маңында туристік катер мен балық аулау кемесі соғысып, салдарынан катер суға батты.

Бұл туралы ҚР СІМ хабарлап отыр.

Оқиға кезінде катер бортында 55 адам болған. Олардың ішінде Қазақстанның сегіз азаматы бар. Апат салдарынан бірнеше турист түрлі деңгейдегі жарақат алған.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, зардап шеккен отандастарымыздың барлығына дер кезінде медициналық көмек көрсетілген.

Зардап шеккендердің барлығына медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының үш азаматы ауруханаға жатқызылып, дәрігерлердің бақылауына алынды. Олардың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр, барлық шығынды сақтандыру компаниясы өтейді. Консул азаматтармен тұрақты байланыста болып, қажет қолдау көрсетіп жатыр, – делінген хабарламада.

Қазір оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.