Астанада оқушының сабаққа дайындығын ЖИ бағалайды

Не болды?

Астанадағы Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейде білім беру үдерісіне жасанды интеллект негізіндегі жаңа әлеуметтік платформа енгізілді. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Мәлімет

Жаңа платформа жасанды интеллект көмегімен оқушылардың сабақ басталар алдындағы көңіл күйін анықтауға мүмкіндік береді. Олардың психологиялық ахуалын талдап, білім алуға дайындығын, оқу үдерісіне деген ынта-жігерін бағалайды.

Бұл өз кезегінде мұғалімге сабақ барысын тиімді жоспарлауға және әр оқушыға жеке көзқараспен қарауға жол ашады.

Оқушыға жүйеге кіріп, өз көңіл күйін белгілеу үшін бар болғаны бір минут уақыт жеткілікті.  Жиналған деректер автоматты түрде өңделеді. Бастаманың авторы – информатика пәнінің мұғалімі, педагог Нұрхат Плалов.

Жобаның мақсаты – технологияны тек бір бағытта емес, оқушылардың психологиялық жай-күйіне көңіл бөлу үшін де қолдану. Себебі оқушының көңіл күйі оның сабаққа деген қызығушылығы мен оқу нәтижесіне тікелей әсер етеді, — деп жазған хабарламада. 

Контекст

Естеріңізге салайық, оқу-ағарту министрлігінің жанынан білім беру саласына жасанды интеллекті енгізу жөніндегі жұмыс тобы құрылған еді.