Жетісу облысы Алакөл ауданында қарға батып, жолда қалған төрт адам құтқарылды. Бұл туралы ТЖМ хабарлап отыр.
Төтенше жағдайлар қызметінің 112 пультіне Жайпақ ауылының маңында бір жеңіл автокөлік қар құрсауында қалғаны жөнінде хабар түскен. Шақырту бойынша оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар қарға батқан көлікті анықтады.
Көлік ішінде төрт адам болған, олардың бірі – бала. Қиын жағдайға тап болған жолаушыларға жедел көмек көрсетіліп, техника көмегімен автокөлік қардан шығарылып, қауіпсіз аймаққа жеткізілді. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ, медициналық көмек қажет болмады.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамын мұқият қадағалауға, сонымен қатар тасжолдарда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Құтқарушылардың айтуынша, қолайсыз ауа райында жолға шығу адам өміріне елеулі қауіп төндіруі мүмкін.
