Қазақстанда сиыр етін экспорттауға квота енгізілді

Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара мал (ІҚМ) етін экспорттауға енгізілген жаңа шектеулердің тәртібін түсіндірді.

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап Қазақстан аумағынан үшінші елдерге және ЕАЭО мемлекеттеріне ІҚМ етін әкетуге арналған квоталарды бөлу қағидалары күшіне енді. Бұл норма 2026 жылғы 30 маусымға дейін қолданылады.

Экспортқа рұқсат етілген еттің жалпы көлемі – 20 000 тонна.

Квота кімдерге беріледі?

Квота меншікті бордақылау алаңы бар ет өңдеуші кәсіпорындарға ғана бөлінеді. Яғни, толық өндірістік циклмен жұмыс істейтін компаниялар басымдыққа ие болады.

Бір кәсіпорынға берілетін квота мөлшері:

Бордақылау алаңының қуатына байланысты:

  • 5 000 бастан жоғары – 1 000 тонна

  • 10 000 бастан жоғары – 2 000 тонна

  • 15 000 бастан жоғары – 3 000 тонна

  • 20 000 бастан жоғары – 4 000 тонна

  • 50 000 бастан жоғары – 10 000 тоннаға дейін

Шектеудің негізгі мақсаты

Министрлік бұл шаралар:

  • азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

  • ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға;

  • ет өндірісін терең өңдеуді ынталандыруға;

  • өнімнің шығу тегін қадағалауға;

  • статистикалық ашықтықты арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Шектеулердің енгізілуіне кейбір компаниялар мен шағын сою цехтарының малды бордақылаусыз қайта сатып, делдалдықпен айналысуы себеп болған. Мұндай тәжірибе ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін бұзып, ет бағасының өсуіне ықпал еткен.

Квоталарды бөлу, олардың көлемі мен қолданылу мерзімі уәкілетті органмен келісу арқылы орталық мемлекеттік органдардың құзыретінде айқындалады. Бұл ішкі нарықтағы жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Министрлік бұл шешім қазақстандық мал шаруашылығын ұзақ мерзімді дамытуға, отандық фермерлер мен ет өңдеушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және тұтынушыларды сапалы әрі қолжетімді сиыр етімен қамтамасыз етуге ықпал ететінін атап өтті.