Сауда министрлігі ет бағасын бақылау мақсатында қосымша мониторингтік топтардың құрылатынын мәлімдеп отыр.
Министр Арман Шаққалиев Астанада барлық өңірден 80-нен астам сауда желілерінің өкілдерін жинап, кеңейтілген отырыс өткізді.
Оған Magnum Cash&Carry, Small&Skif,Anvar, Dina, Dana, Norma, Metro, Toimart, Galmart, INMART, Greenwich және басқа да ірі сауда желілері қатысты. Сол жерде министр үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар тауарларға 15%-дық сауда үстемесін сақтау қажеттігін еске салды. Ал бұзушылық орын алған жағдайда қатаң шаралар қолданылатынын ескертті. Ет өнімдері де әлеуметтік маңызы бар тауарларға кіреді. Сондықтан белгіленген сауда үстемесінің сақталуына ерекше назар аударылды.
Сауда министрлігі ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ет өнімдерін сауда орындарына жеткізу кезінде үстеме бағаның сақталуын бақылау үшін қосымша мониторингтік топтар құруда. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізуде жасырын қымбаттау схемаларын және ретро-бонустарды алып тастауға бағытталған заңнамалық өзгерістер дайындалып жатыр, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, жыл басынан бері 15%-дық сауда үстемесін сақтамағаны үшін 2191 хаттама рәсімдеді. Соның ішінде 1020 жағдай бойынша 39,6 миллион теңгеге айыппұл салынды. Ал сиыр етіне үстеме бағаны сақтамаған 33 сатушы айыппұл арқалады.
