Қазақстан киберполициясы шетелде 7 алаяқ call-орталықты жойды

2025 жылы Қазақстанның киберполициясы шетел аумағында интернет-алаяқтықпен айналысқан жеті call-орталықтың қызметін тоқтатты.

Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.

ІІМ мәліметінше, бүгінде ұрлық пен алаяқтықтың басым бөлігі онлайн кеңістікке көшкен. Қылмыскерлер заманауи интернет-технологияларды пайдаланып, азаматтардың ақшасын алдаудың жаңа тәсілдеріне жүгініп жатыр.

ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, киберқылмыспен күрес үш негізгі бағытта жүргізілуге тиіс: заңнамалық шаралар, техникалық шаралар, профилактикалық жұмыстар. Осы бағыттар бірлесіп жүзеге асқан жағдайда ғана киберқылмыстың жолын кесуге болады.

2025 жылы байланыс операторларымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 19 миллионнан астам жалған қоңырау бұғатталған. Ал жүйе іске қосылғаннан бері 85 миллионнан астам алаяқтық қоңырауға тосқауыл қойылған. Сонымен қатар қылмыстық топ құру және басқару деректері бойынша алты қылмыстық іс қозғалды, оның біреуі трансұлттық сипатқа ие. Қабылданған техникалық шаралардың арқасында 100 мыңнан астам SIM-карта тәркіленіп, қылмыскерлерден 88 SIM-box алынған, — делінген хабарламада.

Полиция азаматтардың құқықтық, компьютерлік және қаржылық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Халыққа алаяқтықтың жаңа түрлері мен одан қорғану жолдары тұрақты түрде түсіндіріліп жатыр.

Өткен жылы киберполиция Қазақстан аумағында да алты call-орталықты жойған. Тәртіп сақшылары тұрғындарды жалған сілтемелерге өтпеуге және банк карталарының деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады.