Не болды?
Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында әскердегі әлімжеттік туралы пікірін айтты. Оның айтуына қарағанда, бұл — өркениетті елге жат, теріс үрдіс.
Мәлімет
Мен сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуына қатысты оқиғаларды өркениетті елге жат, теріс үрдіс деп санаймын. Бейбіт заманда мұндай жайттар болмауға тиіс. Бұл туралы барлық күштік құрылым басшыларымен жуырда өткен кеңесте де айттым. Қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылығын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алдым. Армия жастарға қолдау көрсетіп, оларды еліміздің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруы керек. Командирлер әскери қызметшілерге үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ. Мұның бәрін өзім жеке қадағалап отырамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуына қарағанда, сарбаз болу – өзіңді дамыту үшін тың мүмкіндіктерге ие болу деген сөз. Қазір әскери борышын өтеген жастар ЖОО мен колледждерде тегін оқи алады. Олар әскерде жүргенде сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметшілер мен офицерлер әлеуметтік жағынан барынша қорғалады.
