2026 жылғы қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау аяқталды. 187 мыңға жуық адам тестілеуден өтуге ниет білдірді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп.
Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлап отыр.
Талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдаған.
Калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляцияға өтініш берген талапкердің сертификаты аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін жеке кабинетте шығады.
2026 жылы ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сонымен қатар екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл да өзгермейді және 140 балл болады, — делінген хабарламада.
Тестілеу уақыты – төрт сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
