3–5 қаңтар аралығында еліміздің басым бөлігінде ауа райы күрт өзгеріп, қар, боран, жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, сонымен қатар температураның ауытқуы күтіледі.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, алдағы күндері Қазақстан аумағы арқылы Жерорта теңізі аймағынан келген жаңа циклон өтеді. Соның әсерінен республика бойынша қар жауып, кей өңірлерде боран соғады, көктайғақ пен тұман түсуі мүмкін.
Синоптиктердің болжамынша, 3 қаңтарда солтүстік-батыс өңірлерде қатты қар жауады, ал 5 қаңтарда оңтүстік-шығыста жауын-шашын күшейеді. Желдің екпіні артып, жол қозғалысына қиындықтар туындауы ықтимал.
Елдің батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауады. Көп өңірде көктайғақ, тұман және қатты жел болжанып отыр.
Ауа температурасы аймақтарға қарай әртүрлі өзгереді.
Батыста ауа райы жылынады: түнде 0…–8°C, күндіз –2…+5°C.
Ал бірқатар өңірде температура төмендейді:
- орталықта түнде –10…–18°C, күндіз –5…–12°C;
- оңтүстікте түнде 0…–10°C, күндіз –6…+2°C;
- оңтүстік-шығыста түнде 0…–5°C, таулы аймақтарда –8…–13°C, күндіз –2…+3°C, тауда –5…–10°C.
Шығыс өңірлерде түнгі ауа температурасы –5…–13°C-қа дейін көтеріліп, күндіз –10°C-қа дейін төмендейді.
«Қазгидромет» өкілдері тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жолға шыққанда сақ болуға, әсіресе көктайғақ пен боран кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.
