Қазақстанда 6 ай бойы бухгалтерлік кеңес тегін беріледі

Не болды?

Қазақстанда 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап «Халық бухгалтері» акциясы басталады. Бұл туралы қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті хабарлап отыр.

Мәлімет

Акция жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнеске арналған. Мамандар азаматтарға бухгалтерлік есеп, салық және электрондық жүйелермен жұмыс істеу бойынша кеңесті тегін береді. Акция 30 маусымға дейін жалғасады.

Қалай кеңесуге болады?

Мамандар азаматтарды қалалар мен облыс орталықтарындағы мемлекеттік кірістер басқармасында қабылдайды. Қаңтар-ақпан айларында аптасына үш рет сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін, наурыздан бастап екі рет қабылдайды. Қабылдау орнында «Халық бухгалтері» деген белгі тұрады.

Кеңес беруді Астана, Алматы, Шымкент және басқа қалалар аудандарында да өткізу жоспарланып отыр. Өңірлерде кеңес беру аудандық деңгейде ұйымдастырылады. Қажет болса, маман азаматтарға өзі барады, – дейді мемлекеттік кірістер комитеті қызметкерлері.

Бухгалтерлер, аудиторлар және мемлекеттік орган қызметкерлері кәсіпкерге заң түсінуге және практикалық нұсқаулар бойынша көмектеседі. Бетпе-бет қабылдаудан бөлек, бейнеконсультация, телефон байланысы, вебинар және тақырыптық сессия да болады. Ыңғайлы болу үшін нұсқаулық, call-орталық материалдары мен SalykBot Telegram-арнасы жаңартылады.