Шымкентте көпқабатты тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан бір топ адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлап отыр.
Оқиға әл-Фараби ауданындағы 17-шағын ауданда орналасқан бес қабатты көппәтерлі тұрғын үйде тіркелген. Үйдің бірінші қабатындағы пәтерден өрт шыққаны жөнінде хабар түскен бойда құтқарушылар жедел түрде оқиға орнына жеткен.
ТЖМ мәліметінше, құтқарушылар баспалдақтың көмегімен жеті адамды қауіпсіз жерге эвакуациялады. Жедел әрекеттің арқасында өрттің басқа пәтерлерге таралуына жол берілмеді.
Өрт толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр.
